М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің конференциялар залында «ОҚО агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетті дамыту» атты ғылыми конференция өтті.
Шараға инвесторлар, ауылшаруашылық кооперативтері, кәсіпкерлер және ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер, сондай-ақ АӨК мамандары қатысты.
Мақсаты - ауылшаруашылық өнімдерінің экспорттық әлеуетін дамыту үшін заманауи технологияларды енгізу және жаһандық бәсекеге қабілетті ортада бизнесті құрудың инновациялық тетіктерін пайдалану жолдарын талқылау.
Шара барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов, «ОҢТҮСТІК» АИО Басқарма төрағасы Қуаныш Байтөре, ЕҚДБ жетекші банкирі Бекжан Пирматов, Capital Link Invest сингапурлық компанияның Қазақстандағы құрылтайшысы Бенни Энджи және сол сияқты сала басшылары және мамандарының баяндамасы тыңдалды.
Өз сөзінде Қ. Байтөре қатысушыларды ОҚО-да модульдік қондырғыларды өңдеу және өндіру саласында АИО тарапынан әзірленген жобалармен таныстырды. Ол сондай-ақ, бүгінгі таңда АИО агроөнеркәсіптік кешенінде кәсіпкерлік, фермерлер мен кооперативтерді дамыту жолында ынтымақтастық қатынас орнату жұмыстарына белсенді түрде қатысып жатқанын атап өтті. «Барлық қаржы институттары, кәсіпкерлер мен білім беру мекемелеріне ауыл шаруашылығы өндірісін одан әрі экспорттау мақсатында дамыту үшін бар күш-жігерін жұмсауды ұсынамын», - деді ол. Осыған байланысты жастардың ауылшаруашылық саласындағы білімін нығайту қажеттігі, білімді болашақ кәсіпкер үшін біздің елде жан-жақты қолдау көрсетілетіндігі тілге тиек етілді.
Өз кезегінде, ЕҚДБ-ның жетекші банкирі Б.Пирматов «ОҚО-да ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорттық әлеуетін дамытудың инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбында презентация өткізіп, онда Оңтүстік Қазақстан облысының экспорттық әлеуетін дамытудағы жаңа инвестициялық механизмдер мен ЕҚДБ-ның ынтымақтастығы туралы мәлімдеді.
Сондай-ақ, шара барысында бизнес пен инвесторларға арналған жобалардың мақсаттары мен міндеттері, 2018 жылдың 18 қаңтарындағы Елбасы Жолдауының үшінші міндетін жүзеге асыру «Ақылды технологиялар» - агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға серпіліс жасау мүмкіндігі және агроөнеркәсіптік кешеніне МЖӘ жобаларын енгізу арқылы жаңа мүмкіндіктер ашу мәселелері қызу талқыланды.
Конференция соңында «ОҢТҮСТІК» АИО басшылығы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, Қазақстан фермерлер одағының Шымкент қаласы және ОҚО бойынша филиалы және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен ОҚО-ның агроөнеркәсіптік кешенін қолдау және ынтымақтастық туралы бірнеше меморандумға қол қойды.