«Өзіміздің өнімді қолдайық» атты ұранмен алғаш рет Шымкент қаласында «RIC ON KO’RME» атты жәрмеңке бастау алды.
Ерекшелігі – жәрмеңкеде тек қана «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы және «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржыландырылған тауар өндірушілері өз өнімдерін нарықтан төмен бағада сатуға шығарды. Олар үшін орындар тегін беріліп, сатушыға да сатып алушыға да компания барлық жағдайды жасап беруде.
Ауылшаруашылығы тауарларын халыққа өндіруші бағасымен тікелей қолжетімді ету мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкенің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, халықпен тікелей сұхбат жүргізді. Тауар өндірушілердің әрқайсысымен бірме бір танысып шыққан облыс басшысы кәсіпкерлердің жұмысына сәттілік тілеп, осы қалыптан тайынбай еңбек ету әр қашан да табысқа жетелейтінін тілге етті. «Енді осындай үлгіде үлкен көрме ұйымдастыру қажет. «ОҢТҮСТІК» АИО және «Ырыс» микроқаржы ұйымының аудандарда да қаржыландырған жобалары көп. Сондықтан әр ауданда осындай жәрмеңке ұйымдастырылсын. Болашақта мұндай жәрмеңке тұрақты өткізіліп, әлеуметтік базарлар қалыптасады. Осылайша біз бағаларды арзандату және тұрақтандыруға қол жеткіземіз», - деді Ж. Түймебаев.
Өз кезегінде жәрмеңкені ұйымдастырған «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығының Басқарма төрағасы Қуаныш Байтөре компания халыққа қолдау көрсетуге әр қашан да дайын екендігін және бұл жәрмеңкенің әр сенбі сайын жалғасатын дәстүрге айналып, халыққа тиімді болуына тілектес екендігін айтты. «Біз тек қана қаржы институты емеспіз, біздің компания даму институты болып есептеледі. Сондықтан, біз кәсіпкерлерге тек қаржы беріп қана қоймай, олардың кәсібін әрі қарай ілгерілетуге және дамытуға барынша қолдау көрсетеміз. Олар бізбен біз олармен бірге өсеміз», - деді Қ. Байтөре.
Жәрмеңкеде 40 шақты кәсіпкер өз тауарларын нарықтан төмен бағамен сатылымға шығарды. Олардың ішінде азық-түлік: ет және сүт өнімдері, балық және шұжық өнімдері, жеміс-жидек, көкөністер басым бөлігін құрайды. Одан бөлек, жеңіл өнеркәсіптік тауарлар, қолдан жасалған бұйымдар, құрылыс материалдары, сондай-ақ балалар үшін ойыншықтар да бар. Ең бастысы бұлардың бәрі оңтүстікте жасалынып, инвестициялық орталықпен қаржыландырылған.
Сонымен қатар, ашылу рәсімінде балалар үшін ойын-сауықтар, және ұлттық ойындар ұйымдастырылып, халыққа палау тартылды. Бір бұрышта жәрмеңкеге қойылған еттерден барбекю пісіріліп, халықтың берген бағасы арқылы ең дәмді ет анықталды.
Айта кету керек, аталмыш шара Елбасымыздың халыққа жолдауы, рухани жаңғыру аясында қолға алынып, басқа да ұйымдарға әлеуметтік шараларды өткізуді насихаттауды көздейді. Сондай-ақ, «RIC ON KO’RME» атауы компанияның латын әліпбиіне көшуді қолдайтынын көрсете отырып, өңір халқын да латын әліпбиіне көшу кезеңіне белсенді ат салысуға шақырады.