02 Июнь 2017

Аудандар бойынша «ОҢТҮСТІК» АИО және «Ырыс» микроқаржы ұйымынан қолдау тапқан жобалардың қазіргі жағдайымен танысып, олардың жұмысын халыққа үлгі ретінде көрсету мақсатында жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен ауданаралық пресс-тур ұйымдастырылды.

Іс-шараның бірінші күні Мақтарал ауданы бойынша жүзеге асырылған жобалардың тынысымен танысудан басталды.

Бірінші бекет "Сапа Инвест плюс" ЖШС болды. Қаржы орталығынан қаржылай қолдау тапқан Серіктестік қалдықсыз өнім өндіретін кәсіпорындардың бірі болып табылады. Өндіріс орны мақта талшығы-қозапаядан және ағаштардан құрылысқа қажетті ДСП материалдарын шығарады. Бүгінде Қазақстанның 4-5 облысын өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорында 40-тан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы жобаның құны 400 млн. теңгені құрайды. Оның 285 млн. теңгесі "ОҢТҮСТІК" АИО тарапынан қаржыландырылған.

        

Кәсіпорынның жұмысымен танысқан тілшілер «Ырыс» МҚҰ-нан қолдау тапқан тағы екі нысанға бас сұқты. Ынтымақ ауылдық округінде орналасқан «Даулет» шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысу мақсатында "Ырыс"МҚҰ-нан 4 млн. теңге көлемінде несие алған. Бүгінде "Галштин" асыл тұқымды 22 бұзау әкеліп, асыл тұқымды мал басын көбейтуді жолға қойып отыр.

Микроқаржы ұйымынан қаржылай қолдау тауып, кәсібін жолға қойып отырған екінші нысан – «Азамат» шаруа қожалығы. Бал ара шаруашылығымен айналысу үшін 4 млн.теңге несие алған. Кермек, жантақ, жыңғылдың гүлі және мақта гүлінен нәр алатын аралардан "Майский бал" өндіретін кәсіпкер, өнімді мектептерге, балабақшаларға және "Техас бал" қауымдастығына өткізеді. Биылдың өзінде Қытайға 100 000 тонна балға сұраныс түсіпті.

Соңғы бекет - «ОҢТҮСТІК» АИО қаржыландырған "Бақытжан" өндірістік кооперативі. Ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер үшін агротехникалық қызмет көрсетумен айналысады. Яғни топырақ өңдеу, егін жинау, транспорттық жұмыстар, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу, зиянкесті жәндіктерді жою тағы сол сияқты басқа да қызметтерді жоғары деңгейде атқаруда. Машина-технологиялық станцияда аталған қызметтерге мамандандырылған 30-дан астам техникалар бар.

Айта кету керек, «ОҢТҮСТІК» АИО ашылғалы бері Мақтарал ауданы бойынша жалпы сомасы 4,9 млрд. теңгені құрайтын 3 213 жобаны қаржыландырған. Оның ішінде 3,7 млрд. теңгені құрайтын 3 169 жоба «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы несиелендірілген.