«ОҢТҮСТІК» АИО және «Ырыс» МҚҰ-нан қаржы көзін алып кәсібін дөңгелетіп отырған Кентаулық кәсіпкерлер жергілікті БАҚ өкілдерімен кәсібінің сырын бөлісті. Тілшілер аралаған нысандардың бірі – «ОҢТҮСТІК» АИО арқылы несиелендірілген «Әлжан агро» ЖШС болды.
Қаржы орталығынан 11,2 млн теңге несие алған кәсіпкер Кентауда біріншілерден болып мал сою бекетін ашқан. Бүгінде жұмысы жүйелі жолға қойылған цехта келушілер үшін заманауи және ветеринариялық талаптарға сай барлық жағдай жасалыныпты.
Мал сою бекетінің тынысымен танысқан тілшілер «Ырыс» МҚҰ-нан қолдау тапқан тағы екі нысанға бас сұқты. Айта кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері «Ырыс» МҚҰ Кентау қаласы бойынша 105 жобаға қолдау көрсеткен. Биыл ғана қаржыландырылғанына қарамай, бірқатар кәсіпкерлер жұмысын жүйелі жолға қойып үлгеріпті. Осындай кәсіпкерлердің бірі – Ерғали Таженов. 2016 жылдың наурыз айында қаржы ұйымынан 4 млн. теңге несие алып, құрылыста қолданылатын сылақ шығару цехын ашқан кәсіпкер біраз айналымын да бастап жіберген. Сондықтан, несиені төлеуде әзірше ешқандай қиындыққа жолықпағандығын тілге тиек етті. «Ырыс» арқылы ырысқа кенелген кәсіпкер бүгінгі таңда жергілікті 3 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Жергілікті БАҚ өкілдері аралаған келесі бекет жеке кәсіпкер Ержан Құлтановтың металлопластикалық цехы мен тұрмыстық техника дүкені болды. Жыл басында кәсібінің айналым қорын ұлғайту үшін «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 10 млн. теңге көлемінде несие алған кәсіпкер, қазіргі таңда өндірістік орны мен дүкенін біраз кеңейтіп, нәтижесінде 20-дан астам азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Осылайша біз, өзінің талмай еткен елеулі еңбегі мен «ОҢТҮСТІК» АИО және «Ырыс» МҚҰ қолдауының арқасында айтулы жетістіктерге жетіп отырған Кентау қаласының кәсіпкерлерімен танысып қайттық.