Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту - «ОҢТҮСТІК» АИО және «Ырыс» МҚҰ-ның басым бағыттарының бірі. Өйткені, Қазақстанның халық шаруашылығының ең негізгі маңызды саласы — ауыл шаруашылығы болып табылады.
Аталмыш шаруашылықтың еліміздің экономикалық, əлеуметтік өмірінде айрықша орын алатыны баршамызға белгілі. Сондықтан да, мемлекетімізде ауыл шаруашылығын дамытуға, оның ішінде мал шаруашылығына айрықша көңіл бөлініп отыр. Қазақстанда мал шаруашылығы саласын дамытудың негізгі мақсаты - еліміздің ішкі сұранысын мал шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз ету және оның экспорттық әлеуетін іске асыру болып табылады. Аталмыш шаруашылықты дамыту жолында «ОҢТҮСТІК» АИО және оның еншілес микроқаржы ұйымы «Ырыс» та елеулі еңбек етуде. Яғни, мал шаруашылығымен айналысамын деушілерге барынша қолдау көрсетіп келеді. Осы орайда, Сайрам ауданы бойынша қаржы орталығынан қолдау тапқан бірнеше жобаларды үлгі ретінде көрсетіп, халыққа кәсіпкерлікпен айналысудың тиімді жақтарын насихаттау мақсатында, аудандық жергілікті телеарнаның тілшілері аралауға шықты. Аралау барысында олар аталмыш екі компания қаржыландырған 5 нысанның тынысымен танысты.
Аралаудың бірінші бекеті жеке кәсіпкер Елмурад Бегларовтың шаруа қожалығы болды. 2014 жылы 80 бас ірі қара мал сатып алып бордақылау мақсатында «Максимум» АИО-нан 12 млн. теңге несие алып, жұмысын бастаған кәсіпкер, бүгінгі таңда малдың санын көбейтіп 250 ірі қара мен 150 бас жылқы бордақылауда. Мүмкіндіктен тиімді пайдаланып, арзандатылған несиенің нәсібін көрген кәсіпкер ендігі кезекте тағы 250 бас ірі қара алу үшін инвестициялық орталықтан қайта қаржы алуды жоспарлап отыр. Айта кету керек, аталмыш шаруа қожалығында 7 адам жұмыспен қамтылып өз отбасын асырауда.
Қожалықтың тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін «Ырыс» МҚҰ-нан қолдау тапқан жобаларға да қызыға бастаған тілшілер Артықжан Джаббарқұловтың шаруа қожалығына ат басын бұрды. Мемлекеттің шарапатын көрген кәсіпкер былтыр «Ырыс» қаржы ұйымынан ірі қара мал басын бордақылау мақсатында 3 млн. теңге несие алып, 18 бас ірі қара сатып алған. Бүгінде шаруа малдың санын екі есе көбейтіп, жылына 5,4 тонна ет өндіруде. Малдың басын өсіріп, пайдасына жарата білетін қожалық иесі Шымкенттіктер мен Алматылықтардың етке деген сұранысы көп болғандықтан, өз шаруашылығын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Оның көршісі Атхамжон Якубжанов та «Ырыс» МҚҰ-да мал басын бордақылау мақсатында жеңілдікпен берілетін несиенің бар екенін біліп, бірден осы мекемеге құжаттарын өткізіпті. Қаржы орталығында өтінішті сараптай келе жобаны 2 млн.800 мың теңгеге қаржыландырған. Осы қаржы қолға тиісімен «Якубжанов» шаруақожалығы 20 бас ірі қара мал сатып алған. Содан бері бір жылдан астам уақыт ішінде, сиырлары бұзаулап, мал саны екі есеге артқан. Ұрғашы бұзаулар табын санын көбейту үшін үйдің ауласындағы қорада қалдырылып, ал өгізшелер ет комбинатына өткізу мақсатында таулы жерлерде жайылуда. Айта кетейік, жеке кәсіпкер жылына 5 тоннадан аса ет өндіріп, еліміздің басқа облыстарын да қамтып отыр.
Бұл нысандардан бөлек, тілшілер тағы екі шаруа қожалығында болды. Олардың бірі «ОҢТҮСТІК» АИО арқылы 16 млн. теңге көлемінде қаржыландырылған «Жер ана» шаруа қожалығы. 2014 жылы 100 бас ірі қара мал сатып алу үшін несие алған кәсіпкердің бүгінде мал санын 300 ден асырып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Жылына 50 тонна ет өткізетін шаруа қожалығы, алдағы уақытта мал санын 400 ге жеткізбек.
Ал тілшілер аралаған ең үлкен нысан кәсіпкер Зият Алиқуловтың фермасы болды. Бір жыл бұрын «ОҢТҮСТІК» АИО-нан 270 бас ірі қара мал бордақылау үшін 48 млн. теңге несие алған кәсіпкер бүгінде 500 ірі қараны бордақылап отыр. Кәсіптің көзін тапқан – өмірдің өзін табады, демекші, ерінбей етілген еңбек, мемлекеттен көрсетілген көмектің арқасында кәсіпкер Зият Алиқулов жұмысын жүйелі жолға қойыпты. Сайрам аудандық телеарна тілшілеріне берген сұхбатында, мемлекетке және өзіне қаржылай қолдау көрсетіп отырған «ОҢТҮСТІК» АИО-на шексіз ризашылығын білдірді.
Аталмыш нысандарды аралай отырып, біз мүмкіндіктердің тиімді пайдаланылып, ел экономикасының басым бағыттарының бірі – мал шаруашылығының табысты даму жолында екендігіне куә болдық.