15 Ноябрь 2018

2018 жылдың 8-10 қараша күндері, Астана қаласында "Қазақстанның ауыл аймақтарын тұрақты дамытуда әйелдердің үлесі» тақырыбында Ауыл әйелдерінің І форумы өтті. 

Форумға ҚР Парламенті депутаттары, облыс және ауыл округтерінің әкімдері, даму институттары, бизнес тренерлер, алдыңғы Ғылыми-өндірістік бірлестік, АӨК саласында және шаруа қожалық басшылары қатысты. Аталған іс-шараға Түркістан облысының делегациясын бастап, «ОҢТҮСТІК» АИО» ЖШС және «ЫРЫС» МҚҰ ЖШС басшылары мен Түркістан облысының әйел кәсіпкерлері қатысты.

Форумның алғашқы күні спикері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және Өңірлік даму комитетінің мүшесі Айсина Майра Арапқызы, алғашқы сөзді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ашып, іс-шараның маңыздылығымен таныстырды. Форум барысында «Менің жетістіктерімнің тарихы» номинациясы бойынша өз өңіріндегі үздік 15 әйел табысты болудың сырымен бөлісті. Сондай-ақ осы жиында әлеуметтік бизнес жобасының қорытындысы жарияланды. 10 жеңімпаздың әрқайсына  4 мың АҚШ доллары табысталды.

Іс-шараның алғашқы күні:

- ӘКК құру және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау арқылы ауылдағы жұмыспен қамту мәселелерін шешу;

- АӨК-де жасыл технологияларды қолдану тәжірибесі мен перспективалары;

- жергілікті өзін-өзі басқару тетіктері арқылы тұрақты ауыл моделін құру;

- әйелдерді жергілікті деңгейдегі сайлауға қатысуға дайындау тақырыбында пікірталастар өтті.

Астана қаласында өткен «Қазақстанның ауыл аймақтарын тұрақты дамытуда әйелдердің үлесі» тақырыбында Ауыл әйелдерінің форумының екінші күні, «Қазақстанның ауылдық жерлерінің тұрақты дамуына әйелдердің үлесі» тақырыбында жалғасты.

Қорытынды сессияның мақсаты - барлық алдыңғы сессиялардың нәтижелерін көру,  Сондай-ақ, осы сессиядағы баяндамашылар мемлекеттік органдардың өкілдері, форумды ұйымдастырушылардың өзі болды. Олар: ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеуге бағыттады. Ортақ мәселе - жергілікті басқару деңгейіндегі кедергілерді еңсеру тетіктері және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

«ОҢТҮСТІК» АИО» ЖШС делегациясын Басқарма төрағасының орынбасары Қансейіт Ақмарал Байсейітқызы бастады. Ол атап өткендей, бүгінгі таңда компания тарихында қаржыландырылған 17 889 жобаның 20%  ауыл әйелдерінің жобалары. 2017 жылы 8,3 млрд.теңге сомасына 2 342 жоба қаржыландырылды, оның ішінде әйелдер 2,54 млрд. теңге сомасына 531 жобаны игерді, бұл 30,6% құрады.

Форумның үшінші күні – халықаралық деңгейдегі тренер - О. Николенконың авторлық мастер – классы ұйымдастырылды. Басты тақырыбы: «Көшбасшыларды қалыптастыру және саяси қарым-қатынастарды үйрену»,

«Әйелдердің саясатқа қатысуын арттыру».

Форумға қатысушылар, аталмыш іс-шараны қорытындылай келе, БҰҰ-ның стандартына сәйкес келетін «Ауыл әйелдерінің мүддесіндегі ұлттық іс-қимыл стратегиясы» атты ұсыным әзірледі.

 Форум соңында қатысушыларға  арнайы алғыс хаттар табыс етілді.