24 Август 2018

Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Қуанышұлы Тасжүреков облысымыздың 30-дан аса экспорттық әлеуеті бар кәсіпкерлерімен кездесті.

Олардың ағымдағы қажеттіліктерімен жеке танысып, кез-келген сұрақ өз шешімін табуға тиісті екендігін айтты.Жиынға Түркістан облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы және кедендік декларацияны бақылау бөлімінің басшылары, сондай-ақ, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «Атамекен» РКП» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Түркістан ауданы бойынша аймақтық филиалдары және «ОҢТҮСТІК» АИО өкілдері қатысып, өздері тарапынан эспорттаушы компанияларға жасалған жағдайлар туралы мәлімдеді.  

Еліміздің экономикасын дамытуда отандық өнімдердің экспортқа шығуы жоғары маңызға ие екендігін тілге тиек еткен Ербол Қуанышұлы, кәсіпкерлердің экспорттық әлеуетін көтеру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылғандығын айтты. «Қазіргі таңда кәсіпкерлердің көрші елдер нарығына кіруіне белгілі тосқауылдар бар. Олар өндірістік көлемінің жеткіліксіздігі, тасымалдау мәселелерінің жолға қойылмағандығы немесе кедендік кедергілер және т.б. болуы мүмкін. Міне осындай мәселелерді шешуде қолдау көрсетіп, компанияның экспортқа шығуына дейін сүйемелдеу мақсатында біз арнайы жұмыс тобын құрдық. Жұмыс тобы «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығының мамандарынан құралған», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кету керек, бүгінгі таңда облыс бойынша 50 әлеуетті экспорттаушы компаниялар бар. Олар тауарларын Еуроодақ елдеріне, Қытай және Орталық Азия елдеріне экспортқа шығаруда. Алайда, экспорт көлемін арттыруда, жалпы шет ел нарығына шығуда кедергілер аз емес.

Кездесу барысында кәсіпкерлер кедендік рәсімдеу процедурасын жеңілдету, өндіріс көлемін арттыруға қаржылай көмек көрсету, сондай-ақ, экспорттық келісім-шарттарды сақтандыру бойынша қажеттіліктері бар екендігін айтты. Аталған мәселелер тиісті сала мамандарына жүктеліп, сұрақтар шешілмеген жағдайда Ербол Тасжуреков кез-келген экспорттаушыны жеке қабылдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерден алдағы уақытта өз мәселелерін ашық айтып, бірлесе талқылауға шақырды.

Жиын соңында барлық даму институттарының басшыларыменкәсіпкерлер жеке кездесіп, байланыс ақпараттарымен алмасты.