21 Февраль 2018

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев Ресей елінің «Фудсиб» көтерме және бөлшек сауда кешенінің  инвесторы  Дмитрий Терешков бастаған делегациямен кездесті.

akimat yuko nameren ukrepit sotrudnichestvo s krupnym rossijskim tsentrom

Ондағы мақсат – өңіріміздегі ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдерін Ресейге  экспорттау арқылы екі ел  арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту.

Кездесу барысында  тараптар ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдерін экспорттау жайын сөз етіп, тауар өндірушілерге қолдау мен кешенді қызмет көрсету жайын сөз етті.

«Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытып, өзара ынтымақтастықты арттыра түседі деп сенемін. «Фудсиб» көтерме және бөлшек сауда кешенінің әлеуетін оңтүстікқазақстандық тауар өндірушілер тиімді пайдалану мақсатында  бірқатар маңызды мәселелерді талқылайтын боламыз. Бұл кездесу екіжаққа да тиімді болатынына сенімім мол»,  - деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Жалпы аумағы 80 мың шаршы метрді құрайтын «Фудсиб» көтерме және бөлшек сауда кешені Ресейдің Новосібір қаласында орналасқан.  Сауда кешеніне ТМД елдері мен Ресейдің өзге де аймақтарынан азық-түлік тауарлары тасымалданады. Аталған сауда орнында  салқындатқыш қоймалар мен демалыс кешендері, ресторандар мен 200 ауыр жүк көлігіне  арналған арнайы тұрақ жұмыс істейді.  Жылына мұнда 120 мың тоннаға жуық көкөніс пен жеміс-жидек саудаланады. Аталған кешеннің инвестициялық құны – 5,8 млрд теңгені құрайды.

Айта кетейік, өткен жылы «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Фудсиб» сауда кешені арасында екіжақты  ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, «RIC ON EXPORT» бағдарламасы іске қосылған болатын. Жобаның басты мақсаты -  ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерінің экспорттық әлеуетін дамыту болып табылады. Аталған келісім аясында Новосібір қаласына оңтүстікте өндірілген  ауыл шаруашылығ,ы өнімдері жөнелтілген болатын. Екіжақты келісімге сай бүгінде  «ОҢТҮСТІК» АИО «RIC ON EXPORT» ауылшаруашылық өндірушілерінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасының шеңберінде орталықпен қаржыландырылған ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен «RIC ON KORME» атты тұрақты көрме-жәрмеңке ұйымдастыруда.