21 Июль 2017

«ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы 8 жылға жуық уақыт бойы облыс тұрғындарына жеңілдетілген несие беру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді.

Бүгінде компания қызметінің нәтижесі облыстың қай аудандарына барсаңыз да айқын көрініп тұрады. Сандармен айтатын болсақ, осы уақытқа дейін 48,8 млрд. теңгені құрайтын 16 240 жоба қаржыландырылған. Яғни 16 мыңнан аса кәсіпкер өзінің бизнесін ашуға немесе ілгерілетуге компаниядан қаржылай қолдау тапқан. Жүзеге асырылған жобалар аясында 40 907 жаңа жұмыс орындары ашылған.

Ал, 2017 жылдың 1-жарты жылының өзінде «ОҢТҮСТІК» АИО еншілес «Ырыс» микроқаржы ұйымымен бірлесе отырып, 4,9 млрд. теңгені құрайтын 1 903 жобаны қаржыландырып үлгерген. Жүзеге асырылған жобалар нәтижесінде 3 994 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Қаржыландырылған жобалардың 56,3 пайызы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Аталған бағытта 2,75 млрд. теңгені құрайтын 941 жоба қаржылай қолдау тауып отыр. Одан бөлек, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және егін шаруашылығы бойынша 1,7 млрд. теңгеге 894 жоба, жылыжай шаруашылығы бойынша 148,2 млн. теңгеге 41 жоба қаржыландырылып, 128,2 млн. теңгені құрайтын 7 ауылшаруашылық техникасы лизингке берілген.

Қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі Мақтарал ауданында шоғырланған. Аталмыш ауданға 900 млн. теңге бағытталып, 427 жоба қаржыландырылған.

Айта кету керек, компания өзінің бірнеше артықшылықтарымен ерекшеленіп келеді. «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығындағы пайыздық мөлшерлеме 7-8 пайыз яғни төмен болуымен бірге несиені рәсімдеу барысында қосымша төлемдер, комиссиялар алынбайды. Несиені өтеу кестесі әр кәсіпкер үшін жеке қарастырылып, икемді түрде жасалып беріледі. Ауылдық жерлердегі жылжымайтын мүлік, саман үйлер де нарықтық бағамен бағаланып кепілге алынады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында әр аудан орталықтарында еншілес ұйымның өкілдері жұмыс жасайды.