09 Август 2016

Кезекті көшпелі кездесу Мақтаарал ауданының Жетісай қаласында өтті. "ОҢТҮСТІК" АИО жəне "Ырыс" МҚҰ басшылығының қатысуымен өткен жиналыс əдеттегідей жемқорлыққа қарсы күресу тақырыбында өрбіді.

Сондай-ақ, қаржы орталығының өкілдері Мақтаарал ауданының тұрғындарын толғандырып жүрген мəселелеріне құлақ асты. Көбіне егістікпен айналысатын аудан халқы "Жер айдасаң күз айда, күз айдамасаң жүз айда" демекші, қаржыландыруды, əсіресе, жер айдалатын уақыт - күз мезгілінде іске асыруларын сұрап, ұсыныстарын білдірді. Сұрақтарға тұшымды жауап берген басшылық ұсыныстарды да назардан тыс қалдырмай, тез арада қаралатындығын айтты. Жетісайлық кəсіпкерлердің ой-тынысымен танысқан орынбасарлар Сарыағаш ауданына ат басын бұрды.

Айта кету керек, "ОҢТҮСТІК" АИО ашылғалы бері аталмыш ауданда 1100-ге жуық жоба қаржыландырған. Нəтиже де айтуға тұрарлық. Мысалы, инвестициялық орталық қаржыландырған "Сарыағаш жер сыйы" шаруа қожалығы жəне "Келесгидрострой" ЖШС бүгінде өз пайдасына да, халық игілігі үшін де жүйелі жұмыс жүргізуде. Ал қазіргі таңда Сарыағаш тұрғындарын толғандыратын мəселе, кездесу кезінде анықталғандай, көктемгі-дала жұмыстары бойынша жүргізілетін қаржыландырудың мерзімі. Бұл мəселеге байланысты, жиын барысында, кəсіпкерлер өз ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, СТК құрамындағы кəсіпкерлердің несие алуы, қаржы орталығы тарапынан сақтау қоймаларының құрылысына қолдау көрсетілуі жəне де лизинг шарттары туралы сұрақтар қойылды. Сұрақтарға толығымен жауап бере отырып, "ОҢТҮСТІК" АИО Басқарма төрағасының орынбасары Дəулетқожа Мамыров бұл кездесу арқылы кəсіпкерлерді толғандырған мəселелерін, сұрақтарын жəне ұсыныстарын білгені өздеріне пайдалы болғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, "Кəсіпкерлерге де мұндай жиындар пайдасын тигізбей қоймайды деп ойлаймын", - деп сөзін қорытындылады.