БАҚ біз туралы

«ЫРЫС» ҚОЛДАУҒА ӘРҚАШАН ДАЙЫН

Облыста шаруаларға көмек қолын созуға әрқашан дайын тұратын «Ырыс» шағын несие ұйымы (ШНҰ) бар. Биылғы көктемгi дала жұмыстарына аталған қаржы ұйымы 1,2 млрд. теңге бөлдi. Ал, «Ырыстың» өзiне республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлiндi. «Ырыстан» 16 млн. теңгеге дейiн несие алуға болады.

Мөлшерлемесi де арзан. Бар-жоғы 6-ақ пайыз. Алайда, бiр шарты бар. Несиенi қараша айында, күзгi жиын-терiм науқаны бiткен соң қайтару керек. Республикалық қаражаттан бөлек ШНҰ-ның өзi де өз қаржысымен шаруаларды қолдай алады.

Несие алу үшiн тиiстi құжаттарды толтыру талап етiледi. Бұл ресiмдi жеңiлдетiп әрi шаруалардың уақытын үнемдеу үшiн әр аймақта ұйымның филиалдары ашылған. Сонда жұмыс iстейтiн бiлiктi мамандар әрбiр келген клиентке жан-жақты көмегiн көрсетедi. Әлеуметтiк салалар бағытындағы кәсiпкерлiктi қолдау жөнiнде «Ырыс» ШНҰ директорының орынбасары Е.Сүлешов былай дейдi: «Бiз жылжымайтын мүлiктi кепiлдiкке ауылдық жерден де ала беретiн бiрден-бiр қаржы ұйымы болып саналамыз. Бұл әлбетте ауылдағы адамдар үшiн өте қолайлы. Сонымен бiрге, несие пайызының арзан болуы себептi де бiздiң бағдарламаларымызға қатысатындардың көпшiлiгi – ауыл азаматтары. Несиенi көп жағдайда мал шаруашылығын дамыту үшiн беремiз. 2009-2016 жылдар iшiнде мал шаруашылығындағы iскерлiк бастамаларды қолдауға 16503,2 млн. теңге жұмсалды. Сонымен бiрге, бiзден несие алған 2 мыңнан астам адамға өз ауылында жеке кәсiппен шұғылдануға мүмкiндiк бұйырды: мал бордақылап, егiн ектi, сүт фермасын ашты, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеп, сервистiк қызмет көрсетумен айналыса бастады. «Ырыс» ШНҰ осы жылдар аралығында 23 млрд. теңге көлемiнде несие таратыпты. Несиеден несiбелi болғандардың iшiнде қарызын жауып, қайтадан несие алып, бизнесiн кеңейткендер көп. Сондықтан осыған қарап ауылда жұмыс жанданып, кәсiпкерлiк дамып жатыр деуге толық негiз бар».

Соңғы бес жылда аймақтардың агросектор бойынша белгiлi бiр салаға бейiмделе бастағаны байқалады. Десек те, мәселен, Мақтаарал ауданы мақталы аймақ саналғанымен, мұнда «Ырыс» ШНҰ несиесiне көкөнiс, бақша дақылдарын егiп, жылыжай кешенiн салушылар қатары көбейiп келедi. Бүгiнге дейiн Мақтааралға «Ырыс» арқылы 3397,9 млн. теңге несие бөлiнiптi. Бұл қаражаттың 60 пайызы мал бордақылау алаңдарын, отбасылық сүт фермасын ашуға және қызмет көрсету саласына жұмсалған.

– Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаны белгiлi. Онда Мемлекет басшысы ұлттың өз руханиятын, туып-өскен жерiн қадiрлеп, таза күйiнде сақтап қалуға байланысты көптеген ойлар айтты. Соның бiрi – әрбiр азаматты туған елiне қал-қадерiнше көмек көрсетiп, қолдау бiлдiруге шақыруы. Сондықтан бұл ретте бiздiң ұйымның ауылдардың жағдайын көтеруге тигiзер үлесi орасан зор болатынына сенiмдiмiн, – дедi Е.Сүлешов.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Дүйсенбі, 15 Мамыр 2017 11:58

http://okg.kz/aspan-asty-zher-sti/item/8540-yrys-koldau-a-arkashan-dajyn