Түркістан облысы Агроөнеркәсіп кешені 2020 жылды елеулі жетістіктермен қорытындылады. Облыстың агроөнеркәсіп кешенінде Елбасы тапсырмасы жоғарғы деңгейде орындалды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен Сарыағаш ауданындағы егістік алқапта өткен дала семинарында ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері жайлы айтылды. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырықов Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен бөлісті.
"Облыстың агроөнеркәсіп кешенінде Елбасы тапсырмасы жоғарғы деңгейде орындалды. 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда ауыл шаруашылығы жалпы өнімі 1,8 есе өсіп, 730 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 58,1 млрд. тг инвестция тартылып 8,7 есе, тамақ өнімдеріне 9,5 млрд. тг инвестиция тартылып, 3 есе өсім көрсетті",- деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Түркістан облысында өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортының көлемі 5 есе өсіп, 105,1 млн. АҚШ $ -ға жетті. Агроөнеркәсіп кешеніндегі бір жұмысшыға шаққанда еңбек өнімділігі 2500 мың теңгені құрап, 2,2 есе өсті. Жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін арттыруда өңірде озық технологияларды ендіру тікелей серпін берді.