Қазіргі уақытта «Түркістан ӘКК» АҚ құрамына экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін 16 еншілес және тәуелді ұйымдар кіреді. Осы компаниялардың бірі - «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның сенімгерлік басқаруындағы «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы (бұдан әрі -«ОҢТҮСТІК» АИО). «ОҢТҮСТІК» АИО-ның негізгі қызметі - ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті қолдауда шешуші рөл атқаратын, облыс экономикасының басым салаларындағы жобаларды сыйақының жеңілдетілген мөлшері бойынша қаржыландыру. Негізінен «ОҢТҮСТІК» АИО Индустрияландыру картасының жобаларын, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және қайта өңдеу жобаларын, сондай-ақ инновациялық жобаларды қаржыландырады.
Атап айтқанда, «ОҢТҮСТІК» АИО өзінің еншілес кәсіпорны «Ырыс» МҚҰ ЖШС-мен бірге кәсіпкерлерге тікелей несиелеу, айналым қаражатын қаржылық лизингке беру және «Ырыс» МҚҰ еншілес кәсіпорны арқылы микрокредит беру арқылы қаржыландыруды жүзеге асырады.
Бүгінгі күні «ОҢТҮСТІК» АИО және «Ырыс» МҚҰ жалпы сомасы 73 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайтын 20 мыңнан астам жобаны қаржыландырды, оның аясында 43,4 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Қаржыландырудың негізгі бағыттары:
- отбасылық типтегі сүт фермаларын құру;
- өңдеуші салалардың дамуы;
- ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді дамыту;
- өсімдік шаруашылығы өнімдерін сақтау, сұрыптау және орау үшін қуаттарды құру;
- бақтар, жүзімдіктер және жидек дақылдарын өсіруді ұйымдастыру;
- ирригациялық, суару жүйелерін дамыту.