«ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығының еншілес «Ырыс» микроқаржы ұйымы «Успех гарантирован» республикалық конкурсының шағын және орта бизнесті қолдау бойынша«Лучший среди своих» номинациясының жеңімпазы атанды.
Жеңімпазды таңдаудың басты критерийі 2017 жылда қол қойылған кепілдік келісімдерінің саны және қатысушының портфелінде проблемалық несиелердің болмауы болды. «Успех гарантирован» байқауы 2014 жылдан бастап «Даму» қоры тарапынан жыл сайын өткізіледі.Байқауға шағын және орта бизнес несиелері бойынша кепілдіктермен белсенді жұмыс жасайтын қордың серіктес-банктерінің жеке менеджерлері, сондай-ақ қаржы институттарының өздері қатыса алады.
Айта кету керек, «Ырыс» МҚҰ 2017 жылы 6,5 млрд.теңгені құрайтын 2293 жобаны қаржыландырған. Ал, қызметін бастаған 2009 жылдан бастап 29,6 млрд.теңгені құрайтын 16 139 жоба ұйымнан қаржылай қолдау тапқан. Қаржыландырылған жобалар аясында 13 943 жаңа жұмыс орындары ашылған.
«Ырыс» микроқаржы ұйымы «ОҢТҮСТІК» қаржы институтының кепілдігімен кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыссыздықты төмендетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға айтарлықтай үлесін қосып келеді. Атап айтқанда 2017-2021 ж.ж. арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында өткен жылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры (500 млн.теңге) мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (400млн. теңге) арқылы жалпы 900,0 млн. теңге қаражат тартылған. Нәтижесінде 191 жоба қаржыландырылып,180 жаңа жұмыс орны ашылған. Аграрлық несие корпорациясынан тартылған қаражат ауыл тұрғындарына таратылса, «Даму» қорынан бөлінген қаражат арқылы Кентау, Түркістан және Шымкент қалаларының тұрғындары несиелендірілген.
Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы «Ырыс» МҚҰ Ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталған. Ал, 2014 жылы «Microfinanza Rating» рейтинг агенттігі ұйымға «B stable» рейтингісін берді.
"Оңтүстік" аймақтық инвестициялық орталығының баспасөз қызметі