ОҚО-ға сапары аясында Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг мырза «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығына ат басын бұрды.
Басқарма төрағасы Қ.Байтөре қонақты орталық жұмысымен таныстырып, қаржыландырудың басым бағыттары, сондай-ақ облыстың «жасыл» жобалары туралы айтты.
Атап айтсақ, «ОҢТҮСТІК» АИО арқылы қаржыландырылуы жоспарланған Түркістан қаласындағы қалдықтар полигоны бойынша жоба таныстырылды. Қ. Байтөре бұл жобаны іске асыруға түрік инвесторларын тарту жоспарланғандығын, алайда жоба әлі де барлығына бірдей ашық екендігін тілге тиек етті.
Рае Квон Чунг мырза Оңтүстік Кореяға оралғаннан кейін Түркістандағы жобаны іске асыруда және басқа да жобаларға байланысты техникалық және қаржылық қолдау көрсететін түрлі жасыл экономикалық жобалармен айналысатын Корей мемлекеттік қоршаған ортаны қорғау корпорациясына хабарласатынын жеткізді.
Тараптар байланыс мәліметтерімен алмасып, барлық мәселелер бойынша жан-жақты жұмыс жүргізуге келісті.