«ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығының конференц залында Қазақстандағы Үндістан Республикасының елшісі Прабхат Кумармен кездесу өтті.
ОҚО әкімінің кеңесшісі С. Мажитов, «ОҢТҮСТІК» АИО» Басқарма төрағасы Қ. Байтөре және «Ырыс» МҚҰ директоры Д. Арынғазинның қатысуымен өткен іс-шараның мақсаты инвестициялық орталықтың жұмысымен таныстыру, сондай-ақ, АИО әзірлеген ірі жобаларға инвестиция тарту мәселелерін қарастыру болды.
«ОҢТҮСТІК» АИО» және «Ырыс» МҚҰ қызметімен толық танысқан Прабхат Кумар өңірде бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын айта отырып, жергілікті атқарушы орган, ОҚО әкімі Ж.Түймебаевтың өңірде кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін жүйелі жолға қойғандығына оң көзқарасын білдірді.
-Менің ойымша Оңтүстік Қазақстан облысы инвестициялық әлеуеті жоғары аймақтардың бірі болып табылады. Осыған орайда, Үндістан Республикасындағы компаниялар мен ынтымақтастық орнату екі елдің ортасында ұзақ мерзімді және сенімді қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Сонымен қатар, АИО басшылығы инвестиция салуға мұқтаж, сондай-ақ, өңірге көптеп инвестиция тартуға бастау беретін бірнеше перспективалық жобалармен таныстырды.
- Біздің компания кәсіпкерлерді қаржыландырып қана қоймай, олардың нарықта өз орнын табуға, бизнес ортада байланыс орнатуға, Қазақстанның ғана емес шет елдің ірі нарығына кіруіне ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, біз, ірі кәсіпорындар үшін инвесторлар тауып береміз. Солардың бірі, мақта талшықтарын қайта өңдей отырып май мен жем алу мақсатында құрылған «Шардара май-жем кобминаты» ЖШС, – деді Қ. Байтөре.
Аталған өндіріске қосымша инвестиция тартылса, өндірістің көлемі мен сапасын жақсарта отырып, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнім алу мүмкіндігі жоғары екендігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ кездесу барысында, биыл Үндістанда өткен Іскерлік кеңесінің отырысында қабылданған Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық туралы жаңартылған «Жол картасы» талқыланды.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлы Жібек Жолы елдерімен байланысты кеңейту және ынтымақтастық орнату, сондай-ақ, республикадағы іскерлік мүмкіндіктер мен инвестицияларды зерттеу мақсатында «ОҢТҮСТІК» АИО сарапшысы, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Фазылұлы Мәжитов 2018 жылдың 15-22 ақпан күндері жұмыс сапарымен Үндістан Республикасына барып қайтқан болатын. Профессордың жұмыс сапары Оңтүстік Қазақстан облысының Үндістан Республикасымен экономикалық, ғылыми және мәдени байланыстарын жүзеге асыру үшін идеялар мен мүмкіндіктерді едәуір кеңейтті. Сарапшының ұсыныстары өзара байланыстарды кеңейтуге және ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын белгілеп алуға мүмкіндік туғызды.
Қазіргі таңда, Үндістан Республикасы мен Оңтүстік Қазақстан облысы арасында аймақ жобаларының жаңа бағыттарына инвестиция салу бойынша тығыз келіссөздер жүргізілуде.