Оңтүстік Қазақстан облысында кооперативтерді құру жұмыстарын жеңілдету және дамыту бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылды.
Мұнан бөлек, кооперативтерді құру және қаржыландыру бойынша 14 ауданда түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қаржыландыру лизинг формасында төмендетілген пайызбен (8 пайызбен) 84 айға, ал жеңілдетілген төлем мерзімі 24 айға дейін беріледі. Сонымен қоса кооперативтерге лизинг ұсыну бойынша бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтатын болсақ, кооперативтерге арнайы жеңілдетілген, яғни коперативтерден кепілдеме және аванстық төлем талап етілмейтін қаржыландыру механизмі жасалды.
Кооперативтер инвест-субсидия алу арқылы бизнесті жарты құнына құру мүмкіндігіне ие болады. Осы жеңілдіктің бәрін «ОҢТҮСТІК» АИО мен «Ырыс» микро қаржы ұйымы облыстағы кәсібін дөңгелеткісі келген әрбір кәсіпкерге ұсынып отыр. Алдыңғы айда облыс әкімі Ж.Түймебаев кооператив төрағаларына 10 модульді сүт қабылдау бекетінің кілттерін салтанатты түрде табыс еткен болатын. Соның ішінде 7 модульді сүт қабылдау бекеті «ОҢТҮСТІК» АИО және «Ырыс» МҚҰ тарапынан қаржыландырылған. Айта кету керек, сүт қабылдау бекеттерін құрастырушы Шымкент механикалық зауытына да осы қаржы ұйымы қолдау көрсеткен.
Сонымен қатар «ОҢТҮСТІК» пймақтық инвестициялық орталықтың ықпалымен биыл өңірде 11 кооператив құрылды. Ал жыл басынан бері 567 млн теңгеге түрлі бағыттағы 28 кооператив қаржыландырылды. Мәселен, құс шаруашылығында сомасы 63 млн теңге болатын 2 жоба, ет пен сүтті қайта өңдеу бойынша 133 млн теңгеге 10 жоба, ауыл шаруашылығы техникасын алу үшін 180 млн теңгеге 5 жоба, мал шаруашылығында 181 млн теңгеге 10 жоба және 10 млн теңгеге өсімдік шаруашылығынан 1 жоба қаржыландырылған.