Елордасы – Астанада өткен Оңтүстік Қазақстан облысының күндері аясында «Оңтүстік өнімдері» тауарөндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды.
Жиынға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша келушілерге алғысын білдіре отырып, күнгейлік көрме арқылы өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетімен танысуға мүмкіндіктің мол екенін айтты.
«Биыл біздің елімізде шын мәніндегі ғажайып оқиға - «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтуде. Бұл техникалық және технологиялық жетістіктерді көрсететін, жаңа идеялар мен қызықты жобалардың нышаны, индустрияландыру символы болып табылатын халықаралық көрме. Ал бүгінгі тауарөндірушілер көрмесінің өткізілуі біз үшін өте маңызды оқиға. Мұнда өзіміздің жетістіктерімізді көрсетіп, көпшілікке танымал етуге, тұтынушылар мен өндірушілер арасында тығыз байланысты орнатуға мүмкіндік көп», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне күнгейден жеткен тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика және құрылыс заттары салаларының 60-тан астам кәсіпорны қатысты.
Үш күнге жалғасқан шарада Оңтүстіктің шағын қаржыландыру орталықтары - "ОҢТҮСТІК" АИО, "Ырыс" МҚҰ мен ауыр және жеңіл өнеркәсіптерге қатысты индустриалды аймақтары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мен көліктік-логистикалық аймақтар, туристік ақпараттық орталықтардың дүңгіршектері қойылды.