"ОҢТҮСТІК" АИО Отырар ауданы бойынша жалпы сомасы 2,2 млрд. теңгені құрайтын 877 жобаны қаржыландырған.
Оның ішінде 1,3 млрд. теңгені құрайтын 850 жоба «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржыландырылған. Жүзеге асырылған жобалар аясында 776 жаңа жұмыс орындары ашылған. Аталған жобалардың ішінен бірқатарының бүгінгі тынысымен танысу мақсатында аудан бойынша пресс-тур ұйымдастырылды. БАҚ өкілдері аралаған бірінші нысан «Отырар-дән» ЖШС - жүгері кептіру және сақтау кешені болды. Жобаның жалпы құны 245 млн.теңгені құрайды. "ОҢТҮСТІК" АИО – нан алынған қаражатқа Англия, Қытай және Корея елдерінен қажетті құрал жабдықтарды сатып алған. Қойма 10 мың тонна дән қабылдауға қауқарлы. Қазір мұнда екі ауысымда 25 адам жұмыс істеп жатыр. Қамбада бүгіннің өзінде 4 мың тонна жүгері сақтаулы тұр.
Кептірілген жүгеріні негізінен "Ордабасы құс", "Қайнар құс" және "Нәрлен құс" сияқты құс фабрикаларына өткізеді. Оған қоса, тапсырыс болуына қарай Қазақстанның барлық облыстарына жіберіледі. Бүгінде өнімдеріне Өзбекістаннан да сұраныс болып жатыр екен. - Егер өзара шарттармен келіссек, алдағы уақытта экспортқа шығуды жоспарлап отырмыз, - дейді кәсіпорынның жұмыс басқарушысы.
Шара барысында журналистер «Ырыс» МҚҰ арқылы қаржыландырылған жеке кәсіпкер Құлтаева Береке Әлібекқызының шағын жанұялық сүт фермасында да болды. Береке Құлтаева өз қаражатына сүт өнімдерін қайта өңдейтін цехтің құрылысын аяқтаған соң, «Ырыс»МҚҰ-нан мүйізді ірі қара сатып алу үшін 6 млн. теңге несие алады. Сатып алынған сиырлардың сүтінен қаймақ, айран, құрт, сүт өнімдерін өз ауданындағы мектеп, балабақшалар және дүкендерге өткізіп отыр. Сонымен бірге, Береке ханым Қызылорда қаласының бірнеше кәсіпорындарымен келіссөз жүргізіп,сүт өнімдерін өткізіп келеді. Бұл күнде үш ауылдасын жұмыспен қамтып отыр. Алдағы жоспары – шұбат өнімдерін өңдеумен айналысу.
Пресс – тур «Полат» шаруа қожалығында жалғасын тапты. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында қаржы алған Асан Тасполатов, «Ырыс» МҚҰ-нан 5 млн. теңге несиені мал басын көбейтіп,бордақылау бағытында алған. Қазіргі таңда барлығы 70 бас мүйізді ірі қараны бордақылап отыр. «Ендігі жоспарым: экономикалық тиімділігін есептей келе, ақбердин – ангус тұқымын сатып алып, мал басын асылдандыру», - дейді қожалық басшысы.