Өздеріңізге белгілі, жуырда ғана Варшава қаласының Sheraton қонақ үйінде Қазақстан және Польша Президенттерінің қатысуымен қазақстан-польша бизнес форумы өтті. Шара барысында сөзге шыққан ҚР Президенті Н. Назарбаев еліміздегі инвестициялық ахуал туралы айта отырып:
- Біз достасып келеміз. Поляктарда мақал бар «Достар алыстан келеді, ал жауларың бірге өседі» деген. Сондықтан, біз әрқашан поляк достарымызбен жұмыс істеуге дайынбыз, - деп қадап айтты. Шынында да, Елбасымыз атап өткендей, Қазақ елі мен Польша мемлекеті 25 жыл бойы ынтымақтаса жұмыс жүргізіп келеді. Ал осы уақыт ішінде олар бір-бірін әбден зерделеп үлгерді. Жақын достарға айналған екі мемлекет бірлесіп, бұл күндері ел үшін бірнеше маңызды келісімдерге қол қойды.
Айта кету керек, Қазақстанның 100-ден аса кәсіпкерлері мен аймақтық өкілдері қатысқан бизнес форумда «ОҢТҮСТІК» АИО-ның төрағасы Арман Данаев және оның орынбасары Дәулетқожа Мамыров та болды. Форум барысында басшылар қаржы институттарының бірнеше өкілдерімен кездесіп, олардың біреуімен шетелдік инвестицияларды тартудағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Аталмыш Меморандумның басты мақсаты ОҚО-нда кәсіпкерлікті іске асыру және өсіру үшін қолайлы экономикалық және әлеуметтік жағдай жасау, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерді анықтау болып табылады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша әмбебап кешен, яғни бірлесіп агроқалашық құру туралы тағы бір Меморандумға қол қою жоспарлануда. Бұл келіссөздер қазіргі уақытта Қазақстанның инвестициялық нарығында елеулі орнын тапқан «ОҢТҮСТІК» АИО үшін улкен жетістіктерге бастама болмақ. Өйткені, шетелден инвестиция тарту, жаңа технология, инновация бойынша тәжірибе алмасу тек инвестициялық орталыққа ғана емес, сондай-ақ бүкіл ел үшін тиімді болып табылады. Айта кетейік, осы орайда, форум барысында ҚР Президенті екі ел үшін бұл ынтымақтастық қаншалықты пайдалы екенін негізделген нақты мысалдармен түсіндіріп берді. Осылайша, өзара жақын қарым-қатынас бастау алды. Ал, екі тарап өздерінің тілектерін экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен декларацияда білдірді.