Созақ ауданының тұрғындары кəсіпкерлікпен айналысуға үлкен қызығушылық танытуда! Кезекті көшпелі кездесуге жиналған кəсіпкерлердің белсенділігінен мұны байқау қиын болмады. Тынымсыз қойылып отырған сұрақтарға "ОҢТҮСТІК" АИО жəне "Ырыс" МҚҰ-ның орынбасарлары, кеңінен түсіндіре отырып, жауап берді.
Десе де, қазіргі таңға дейін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар аясында жəне компанияның өз қаржысынан берілетін несиелердің айырмашылығын кейбір кəсіпкерлер біле бермейтін сыңайлы. Несие тек қана жұмыссыздарға беріле ме? Не үшін қаржыландыру сомасына шектеу қойылды? сияқты сұрақтар кəсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламалар мен орталықтың қаржысын шатастырып отырғандығын "əшкерелеп" берді. Сондай-ақ, кəсіпкерлер тарапынан бірқатар ұсыныстар да айтылды. Осы орайда, қаржы орталығының өкілдері барлық ұсыныстар назарға алынып, тез арада қаралатындығын тілге тиек етті. Айта кетейік, жиын соңында орынбасарлар кəсіпкерлерді жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жүргізіліп отырған іс-шараларға белсенді қатысуға шақырып, заңдылықтың бұзылғанын анықтаған жағдайда оларға хабарласуларын сұрады.
Сонымен қатар, компания өкілдері Түркістан қаласының тұрғындарымен де кездесті. Қызу талқылаумен басталған көшпелі кездесу барысында түркістандықтар қаржы орталығына қатысты бірталай ұсыныстарын білдірді. Атап айтсақ, несиенің қаралу мерзімін қысқарту, аймақтық менеджерлердің «ОҢТҮСТІК» АИО-на да жобалардықабылдауы жəне халық санының көптігіне байланысты өздеріне көбірек несие бөлінуін сұрады. Əрине, жағдайдың мəн-жайын толығымен түсіндіріп берген қаржы орталығының өкілдері аталмыш ұсыныстар тағы талқыланып, ортақ шешім қабылданатындығын айтты. Орынбасарлардың екі жақ үшін де пайдалы болған көшпелі кездесуді ұйымдастырғаны үшін киелі Түркістан қаласының тұрғындары алғыс айтып, мұндай кездесулерді жиі өткізіп тұру керек екендігін тілге тиек етті.