Кепілдікке қандай мүлікті қоюға болады? Қаржы лизингінің шарттары қандай? Несие мал санын көбейтуге беріле ме немесе бордақылауға ма? Көктемгі дала жұмыстарына несие беру мерзімін өзгертуге болады ма?
Арыстықтардың бұл сұрақтарына кезекті көшпелі кездесу барысында "ОҢТҮСТІК" АИО жəне "Ырыс" МҚҰ-ның орынбасарлары жауап беріп, несие беру шарттарын кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ, жиынның негізгі мақсаты - жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жүргізілетін іс-шаралар да талқылау шеңберінен тыс қалмады. Айта кетейік, 2016 жылдың басынан бері "Ырыс" МҚҰ арқылы Арыс қаласында көктемгі егін егу жұмыстарын жүргізу бойынша жалпы құны 18,5 млн. теңгеге 16 жоба қаржыландырылған. Əрине, басқа аудандармен салыстырғанда бұл көрсеткішті аз деп айтуға болады. Осы орайда, қаржы орталығының өкілдері Арыстықтарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды жəне уақыт жоғалтпау үшін келесі көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру істеріне құжаттарын жинап өткізе берулеріне болатындығын айтты.
Арыстық кəсіпкерлердің ой-пікірлерімен танысқан орынбасарлар Отырар ауданындағы кəсіпкерлердің де мəселелері жəне ұсыныстарына құлақ аспақ болып аталмыш ауданға ат басын бұрды. «ОҢТҮСТІК» АИО тарапынан жүзеге асырылған ірі жобалардың бірқатары Отырар ауданында орналасқан. Естеріңізге сала кетейік, «ОҢТҮСТІК» орталығынан несие алып, Отырар ауданында өндірісті өркендетіп отырған кәсіпорынның бірі – жүгері кептіру және сақтау кешені «Отырар-дән» ЖШС. Одан бөлек, «Отырар шұбаты» брендімен отандық өнімін қазіргі таңда республиканың Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Ақмола облыстарына таратып отырған «Гүлмайра» шаруа қожалығы да «ОҢТҮСТІК» АИО арқылы несиелендірілген болатын. Осындай ірі жобалары арқылы ел экономикасына сүбегейлі үлес қосып отырған қаржы орталығы бүгінгі таңда «дамып» бара жатқан жемқорлық деп аталмыш індетке түбегейлі қарсы! Бұл туралы, Отырар ауданының Шәуілдір ауылында өткен көшпелі кездесу барысында «ОҢТҮСТІК» АИО Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетқожа Мамыров қадап айтты.