29 Июнь 2017

Жергілікті БАҚ өкілдерімен ұйымдастырылған кезекті пресс-тур Сарыағаш ауданында өтті.

БАҚ өкілдері аралаған бірінші нысан – «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС.

"ОҢТҮСТІК" АИО-нан 15 млн. тг несие алып, жұмысының тиімділігін арттырып отырған Серіктестік элиталық көшеттерді отырғызу жəне көбейтумен айналысады екен. Алған қаржысына өнім сақтау қоймасын салып, кассетаға көшет отырғызу құрылғысы мен кассеталарын сатып алған. Қойманың сыйымдылығы - 240 тонн. Көшет отырғызу аппараты күндігіне 3 гектар жерге қажет дәнді егіп үлгереді. Еуропадан әкелінген құрылғының әзірге облысымызда теңдесі жоқ. Бүгінде «Сарыағаш жер сиы» серіктестігі осы желіде қызмет жасау үшін 60 тан астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Қожалықта киви, банан, ананас сияқты субтропикті жемістер сонымен қатар жаңғақ, лимон, жүзімнің өте аз кездесетін сорттары көбейтіліп, көшеттер Алматы, Жамбыл, Қызылорда жəне Ақтөбе сияқты Қазақстанның бірқатар облыстарына жеткізіп беріледі екен.

Сарыағаш ауданының тұрғыны және «Әуелов» жеке кәсіпкерлігінің басшысы мал бордакылау мақсатымен «Ырыс»МҚҰ-нан,жылдың басында 2 млн. теңге несие алған екен. Өзінің айтуынша: " жылқының әр басын сатып алып, қораға алып кіргенге дейінгі шығын 305 мың теңгені құрады. Ал, сойып етін өткізу 427 мың теңге болды. Шығынын алып тастап есептеп қарасам, 1 бастан түсетін таза пайдам 100 мың теңге екен. Бұдан басқа шаруаға не керек ?...". Алдына мақсат қойып, жобасын жүзеге асырған Жұлдызхан биылдың өзінде несиесін толық өтеп,қайта, екі есе көп соммаға сұраныс жіберемін деп отыр.

Сарыағаш ауданының тұрғыны Шарипа ханым «Айнаш»ЖК құрып, 341 орындық бала бақшаның құрылысын жүргізген. Бала бақшаның ішін жиһазбен жабдықтау үшін ағымдағы жылдың мамыр айында «Ырыс»МҚҰ-нан 12 млн.теңге несие алған. "Му-за 2050" бөбекжай бала бақшасы бүгінгі таңда 341 баланың үш тілде сауатын ашып, мектепке дейінгі дайындығын пысықтап келеді. Аталмыш мекемеде 58 кісі жұмыспен қамтылған.

2016 жылдың қараша айында "ОҢТҮСТІК" АИО-нан 63,5 млн.теңге несие алып өз жұмысын бастаған "Сарыағаш-құс" ЖШС несиені өте орынды пайдаланған. Кәсіпкер қаражатқа 46 мың дана шөже, оларды өсіруге қажетті жабдықтар және витаминдер сатып алған. 165 күн күтіп бағудың арқасында шөжелер тауыққа айналып бүгінде күніне 41-42 мың жұмыртқа беріп отыр. Жұмыртқалар Сарыағаш ауданындағы дүкендерге таратылады. Серіктестікте 15 адам жұмыспен қамтылған. «Тағы да «ОҢТҮСТІК» АИО-нан қаржы алуға үміттеніп отырмыз. Егер бұл жолы да жобамыз қолдау тапса, алған қаржымызға тағы бір құс фермасын іске қосып, жұмысымызды кеңейтуді жоспарлап қойдық» - деді "Сарыағаш-құс" ЖСШ-нің іс басқарушысы.

Айта кету керек, «ОҢТҮСТІК» АИО Сарыағаш ауданы бойынша жалпы сомасы 3,2 млрд. теңгені құрайтын 1 265 жобаны қаржыландырған. Оның ішінде 2,4 млрд. теңгені құрайтын 1 231 жоба «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржыландырылған. Жүзеге асырылған жобалар аясында 1 710 жаңа жұмыс орындары ашылған.