БАҚ біз туралы

Отандық өнімге қомақты қолдау бар

Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беруді нақты атап өтті. Осыған сәйкес, өңірімізде аймақтық экономиканың басым секторларын қаржыландыру мақсатында «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС-і мен оның еншілес ұйымы «Ырыс» микроқаржы ұйымы кәсіпкерлерге қызмет етуде.

 

yrys 5

yrys 1«Оңтүстік» АИО қаражат мөлшерін кәсіпкердің жобасы мен салық төлеу мүмкіндігіне қарай анықтап, оған жылына жеңілдетілген 7-8% үстемемен қарыз береді. Ал «Ырыс» МҚҰ-ы 16 миллион теңгеге дейін қаржыландырады. Аталған мекеменің баспасөз хатшысы Муаттар Азадованың айтуынша, кәсіпкерлерді қаржылай қолдаудың нәтижесінде 2009 жылдан бері өңірімізде 40 907 жаңа жұмыс орны ашылған.
– 2017 жылдың 6 айында «Оңтүстік» АИО және «Ырыс» МҚҰ бірлесе отырып 469,8 млн теңгені құрайтын 106 жобаға қаржылай қолдау көрсеткен. Қарызды қайтару мерзімі маусымдық. Яғни, мал бордақылау кәсібі 6 айда бір төлем жасаса, егін шаруашылығы алған қарызын жылына бір рет төлеп отырады, – дейді М.Азадова.
Кәсіпкер болудан бұрын адам таңдаған кәсібін жан-тәнімен сүюі керек. Біз мұны «Spirit Қазақстан» мен «Оңтүстік былғары» ЖШС-нің жұмысымен танысу барысында анық байқадық.

Астана қаласынан тапсырыс түскен

yrys 3«Оңтүстік былғары» ЖШС-інің негізін қалаған Нұржамал Миржибаева тігін цехын ашқанға дейін бұл саланы көп зерттегенін айтады.
– Дизайн саласына мектеп жасынан қызығушылығым артты. Дәптерге түрлі ою-өрнекті сызудан жалықпайтын менің мамандық таңдауыма ата-анам да қолдау білдірді. Бұл саладағы тәжірибемді оқытушы болып жүріп тағы біраз дамыттым. Ойымды жинақтай келе қазақы оюмен көмкеріліп, былғарыдан тігілетін сөмкелер мен аксессуарлар дайындағым келді. Жоспарымды жүйелеп алып, Алматыдағы тері өңдеу зауытына бардым. Содан соң бір шешімге келіп, 2015 жылы салық төлеуші ретінде тіркеліп кәсібімді бастадым, – дейді Нұржамал Жүнісбекқызы.
yrys 4Алғашында директор да, жарнама менеджері, дизайн жасаушы, тіпті тігінші де өзі болған Нұржамал кәсібін дамыту үшін тағы бір қадам жасайды. Жобасын облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасына тапсырып, 2016 жылы сала мамандары Н.Миржибаеваның кәсібін «инновациялық жоба» деп танып, нәтижесінде 2 млн теңге қаржылай грантқа ие болады.
– Бұл қаражатқа бірден техникалық жабдықтарды сатып алдым. Жұмысқа төрт қыз қабылдап, тапсырыспен жұмысты жандандырдық. Шикізат алып, дайын болған тауарды айналдыру үшін «Ырыс» микроқаржы ұйымынан тағы да 2,8 млн теңге көлемінде несие алдым, – дейді кәсіпкер.
Алматыдағы тері зауыты 1 шаршы метр былғарыны 60-100 теңге аралығында нарыққа шығарса, бұл шикізаттан дайындалған қолдорбаларының құны 10-15 000 теңгеге бағаланады. Шеберхана тым кішкентай болғанымен тігін құрал-жабдықтары мен техникасын орнатуға қолайлы. Тігінші қыздар – студенттер. Күннің жартысын білім алуға жұмсаса, екінші жартысында Нұржамалдың қолөнер шеберлігін үйренеді және жарты күнге 25 мың теңге көлемінде жалақы алады.
– Қыздарға бәрін өзім үйретемін. Себебі бұл салада кадр даярлаудың өзі енді ғана қолға алына бастады. Биыл екі студенттің диплом алып келуін күтіп отырмын. Сондай-ақ, қаржы жағын басқаратын білікті маманның орны да бос тұр. Әзірге 10-ға жуық адамды жұмыспен қамти алдық, – дейді болашақта кәсібін кеңейтуді көздеген Н. Миржибаева.
Бүгінде «Оңтүстік былғары» брендімен дайындалатын 30 клатч, 20 шақты сөмкеге Астана қаласынан тапсырыс түскен. Сондай-ақ, ұжым тігіншілері Алматы қаласына жартылай дайын өнімдерді дайындау барысында да қызу жұмысқа кіріскен. Өнімдер әлеуметтік желі және басқа да сауда нүктелері арқылы сатылымға шығады.

Қайта өңделген шикізат та кіріс көзі

yrys 6Қазіргі таңда қолданыстағы заттың басым бөлігі, әсіресе ыдыстың түр-түрі пластмассадан дайындалады. Мәселен, су және басқа да сұйықтықты құюға арналған түрлі бөшкелер, контейнерлер, шылапшын, шара, тегене, ожаудың бәрі бар. Пайдалануға ыңғайлы, жеңіл дүниені сынып, жарамсыз болып қалғаннан кейін қоқысқа тастаймыз. Шынында жарамсыз дүние сияқты...
Алайда, мұның бәрі қайта өңдеуге жататын шикізаттар. «Spirit Қазақстан» зауыты дәл осы қайта өңделген пластмасса шикізатын сатып алып, спирттік ішімдікке арналған шөлмек қақпақтарын жасап шығарады. Сондай-ақ, зауыт өнімдерінің қатарында түрлі сусын құтыларын дайындайтын пэт преформа және агроөнімдерге арналған жәшіктер өндіреді.
«Spirit Қазақстан» ЖШС директоры Азамат Қуанышбайұлы
жоба құны 700 млн теңгеге бағаланғанын айтты.
yrys 2– Бұл соманың 514,8 млн теңгесін «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығынан 7%-дық несиемен алдық. Қаражаттың 65%-ын техникалық және шикізат қажеттілігіне жұмсадық. Бірқатар заманауи итальяндық қондырғыны «Оңтүстiк» АИО-ның несиесiне лизинг арқылы қол жеткіздік. Отандық өнім болғандықтан жеміс-жидек, көкөніске арналған жәшіктердің құны 200 теңге болып бекітілген. Қазақстан аумағында, әсіресе, өзіміздің өңір, Жетісай, Сарыағаш аудандарында жәшікке сұраныс жоғары. Сондай-ақ, зауыт өнімдері Қырғызстан, Тәжікстан сынды көрші елдерге экспортталады – дейді жас кәсіпкер.

Тәуекел түбі – табыс

Кәсіпкерлікті дамыту жолында «Оңтүстік» АИО және «Ырыс» МҚҰ кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге барынша қолдау көрсетіп келеді. Қолдау тапқан кәсіпкерлік нысандардың бірі «Spirit Қазақстан» ЖШС болса, екіншісі «Ырыс» МҚҰ-дан 2,8 млн теңге несие алған «Оңтүстік былғары» ЖШС-і.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша «Оңтүстік» АИО 8 жылдың көлемінде жалпы сомасы 8,4 млрд теңгені құрайтын 468 жобаны қаржыландырған. Оның ішінде 1,7 млрд теңгені құрайтын 420 жоба «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы жүзеге асқан. Аталған жобалар аясында
Шымкентте 855 жаңа жұмыс орындары ашылған.